Джеймс Кэмерон «Титан» батискафы туралы сериал түсірмейтінін айтты

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – Оскар сыйлығын иеленген режиссер Джеймс Кэмерон «Титан» батискафының апаты туралы драмалық телехикая түсіріліміне қатысты келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат New York Post-қа сілтеме жасап.

Джеймс Кэмерон «Титан» батискафы туралы сериал түсірмейтінін айтты

Танымал режиссер өткен айда бес адам қаза тапқан «Титан» батискафы трагедиясы мен жобасына қатысы бар екені туралы қауесетті жоққа шығарды.

«Әдетте, БАҚ-тағы өсек-аяңға мән бермеймін, бірақ қазір пікір білдіруім қажет болып тұр. Мен OceanGate туралы фильм түсіріліміне байланысты келіссөзге қатысқан жоқпын және ешқашан қатыспаймын», - деп жазды 68 жастағы Кэмерон.

Кэмерон Титаник қалдықтарына терең сүңгу тәжірибесі бар екенін ескеріп, стриминг компаниямен ірі жоба туралы келіссөз жүргізіп жатқаны жайлы ақпарат пайда болғаннан кейін Кэмерон оның жалған екенін мәлімдеді.

18 маусымда «Титан» батискафымен байланыс үзілгеннен кейін Кэмеронға қоғамның назары ауды. Себебі режиссер 111 жыл бұрын батып кеткен кемеге 33 рет сүңгіген.

Кэмерон батискаф суға сүңги сала жарылып, борттағы бес жолаушының бәрі мерт болған деген болжамды айтқандардың бірі болды.

Ол кемені бірнеше күн іздеуді «нашар спектакль» деп атап, «батискаф жоғалып кеткеннен бірнеше күн өткенде адам аман қалуы мүмкін емес» деп мәлімдеді.

«Мен еш күмәнданған жоқпын. Батискаф қазір табылған жерде, тереңде екенін білдім», - деді ол сол кезде BBC News-ке.

Бұған дейін ҚазАқпарат «Титаник» блокбастерін түсірген Джеймс Кэмерон «Титан» батискафының апаты туралы драмалық телехикая түсіру үшін келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.

Батискаф бортында 5 адам болды: 58 жастағы британдық бизнесмен әрі зерттеуші Хэмиш Хардинг, 48 жастағы бизнесмен, пәкістандық Шахзада Давуд пен оның 19 жастағы ұлы Сулейман, OceanGate компаниясының 61 жастағы директоры Стоктон Раш және 77 жастағы француздық зерттеуші Поль-Анри Наржоле.