11:40, 18 Наурыз 2017 | GMT +5
Джиу-джитсу: Грекияда жастарымыз әлем чемпионатын жеңіспен бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грекияның Афина қаласында джиу-джитсудан жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатын қазақ спортшылары жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың алғашқы күні жеті спортшымыз сынға түсіп, төртеуі жүлдегер атанды. Оның біреуі күміс, үшеуі қола медаль иеленді.
Күмісті Дәурен Айтенов жеңіп алса, үш қола медальға Дархан Нортаев, Жандос Нұрмұханбетов және Владислав Мухоротов қол жеткізді.
Ертең ұлттық құрамадан 11 спортшы файтинг және неваза түрлері бойынша сынға түседі.
Бұл додада әлемнің 45 елінен келген ең таңдаулы спортшылар бақ сынап жатыр. Оның ішінде Қазақстан намысын 41 спортшы қорғауда.