Джохар Царнаевтың қорғаушылары сот отырысының басталуын 2015 жылдың қыркүйегіне дейін шегермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы Бостон марафоны кезінде лаңкестік жасады деп айыпталған Джохар Царнаевтың қорғаушылары сот отырысының басталуын 2015 жылдың қыркүйегіне шегеруге тырысуда.

Джохар Царнаевтың қорғаушылары сот отырысының басталуын 2015 жылдың қыркүйегіне дейін шегермек

Бұл туралы дүйсенбі күні Бостон сотында таныстырылған қорғаушы және айыптаушы жақтың біріккен баяндамасында жазылды. Құжатта прокуратура өкілдері сот отырысы 12 аптаға созылуы мүмкін деп атап өткен. Царнаевтың кінәсі расталса, оған тағылатын жаза туралы сот тыңдалымы шамамен 6 аптаға дейін болуы ықтимал.

Прокурорлар хабарлағандай, олар сот отырысын 2014 жылдың күзінде бастауға дайын. Алайда бұл мезгіл қорғаушылардың көңілінен шықпады.

Айта кетейік, 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостон марафонында екі жарылыс орын алып, салдарынан 3 адам ажал құшты, 200-ге жуығы жапа шекті. Кейін полиция лаңкесті жасаған екі күдіктінің ізіне шығып, олар АҚШ-та заңды түрде тұрып жатқан Солтүстік Кавказдың тумасы ағалы-інілі Тамерлан мен Джохар Царнаевтар болып шықты. Тәртіп сақшыларымен қақтығыс барысында Т. Царнаев қаза болды. Ал 19 жастағы Д. Царнаев көп ұзамай қолға түскен болатын.