Джонатан Айткеннің Н.Назарбаев жайлы кітабы түрік тілінде шықты

Аталған іс-шараға кітаптың авторы Дж.Айткен, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Б.Әміреев, Түркияның белгілі қоғамдық ұйымдары «Түрік ошақтары» Бас хатшысы О.Кавунджу мен «Диалог-Еуразия» платформасының бас үйлестірушісі Х.Токак, белгілі саяси қайраткер, Халықаралық Қожа-Ахмет Ясауи қорының президенті Н.К.Зейбек, Халықаралық Қожа-Ахмет Ясауи университетінің өкілетті төрағасы О.Хората, бұрынғы Мемлекеттік министр А.Әндіжан, ірі түрік іскер адамдары: «Чалык Холдинг» төрағасы А.Чалык пен «Кибар Холдинг» төрағасы А.Кибар және басқа белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, дипломаттар, журналистер, кітап сарапшылары қатысты.
Тұсаукесерді ашқан Елші Б.Әміреев кітаптың авторына туындының басты кейіпкері Н.Назарбаевтың жас қазақстандық мемлекеттің қалыптасуында, жаңарып қайта құрылуында, дамуында және табыстарға жетуіндегі рөлін толық ашып жазғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, Елші Н.Назарбаевтың сыртқы саясаттағы басты жетістіктері мен бастамалары туралы, атап айтқанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуы, Қазақстанның өз еркімен ядролық қарудан бас тартуы, тарихта тұңғыш рет Азияда ынтымақтастық пен қауіпсіздік тетігін - АӨІСШК құрылуы, сыртқы шекараларының межеленуінің табыстылығы, өркениеттер диалогын дамытуға қосқан үлесі, түркі әлемінің бірігуіндегі маңызды рөлі туралы әңгімеледі. Б.Әміреев: «Әлемдік деңгейдегі белгілі саясатшы Н.Назарбаев туралы көптеген кітаптар жазылған. Бұл кітаптың ерекше құндылығы, оны батыс жазушысының батыс оқырманына және Қазақстан мен оның көшбасшысына батыстық көзқарас тұрғысынан жазғанында болып отыр. Түркияда Президент Н.Назарбаев өте жақсы танымал. Дегенмен, Түркия батыс әлемінің де бір бөлігі болып табылады және Джонатан Айткен мырзаның кітабы түрік оқырмандарына Н.Назарбаевты және Қазақстанды басқа бір маңызды жағынан - батыстық қырынан көруге көмектеседі», - деп атап өтті.
Кітаптың авторы Дж.Айткен кітаптың түрік тіліне аударылғанына қуанышын жеткізе отырып, Н.Назарбаев туралы кітапты қолына алуының басты себептеріне қысқаша тоқталды. «Біріншіден, мені Н.Назарбаевтың таң қалдырарлық өмір жолы өте қызықтырғанын айтуыма болады. Бұл - кішкене ауылдан басталып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы Н.Назарбаевтың бүгінгі жеткен биігіне дейін әкелетін жол. Екіншіден, Қазақстан басшысының дипломатиялық өнері мен шеберлігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары барлық көршілерімен шекарасы бекітілмеген мемлекет еді. Бір мемлекеттің ешбір қақтығыссыз шекарасын бекітуі оңай нәрсе емес, дегенмен Қазақстан өзі секілді жаңадан тәуелсіздікке қол жеткізген көрші елдермен қатар, Ресей, Қытай секілді ірі мемлекеттермен де шекарасын нық бекітіп, халықаралық сахнада өзінің орнын таба білген ел. Үшіншіден, Н.Назарбаевтың саяси мансабы. Сонау Дж.Кеннеди мен Н.Хрущевтің кезінен бастау алған әлемдегі бірден-бір саясаткер десем жазбайтын шығармын. Дәл сол кезде енді ғана комсомолға кіріп, саясатқа қадам басқан жас жігіт Н.Назарбаев саясаткер ретінде қалыптасып, саяси мансабы бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Бұл оқиғалардың қызықтырары сөзсіз», - деді Дж.Айткен.
Түркияның белгілі қоғамдық ұйымы «Түрік ошақтары» Бас хатшысы О.Кавунджу аталған ұйым тарапынан Н.Назарбаевқа «Түркі әлеміне қызмет» марапаты беріліп, осы ұйым журналының басылымында Қазақстан мен Президент Н.Назарбаевқа арналған 9 мақала жарық көргенін, сондай-ақ Н.Назарбаев ескерткішінің Анкараның байырғы да көркем «Жастар» саябағына орнатылғанын атап өтті. Қазақстан Президентіне осындай құрметтің, біріншіден түркі әлемін біріктіру, экономикалық және мәдени салаларды тығыз байланыстыру жолындағы еңбегіне байланысты болса, екіншіден, Н.Назарбаевты Қазақстанды біртұтас мемлекет ретінде қалыптастырып, елдің келешегін келісті ету жолындағы маңызды істері үшін құрметтейтіндіктерін білдірді. О.Кавунджу: «Түркия Президенті А.Гүлдің сөздерімен айтқанда Президент Н.Назарбаев «түркітілдес халықтардың көшбасшысы» және көп ұлтты Қазақстанда этникалық қақтығыстарға жол бермеген көшбасшының жетістігі үшін барлық адамзат атынан оған алғыс білдіру қажет», - деді.
«Диалог-Еуразия» платформасының бас үйлестірушісі Х.Токак Қазақстан Президенті байсалды саясат жүргізуінің арқасында Орталық Азия мен бүкіл әлемдегі үлгілі көшбасшыға айналғанына назар аударды. Ол өз сөзінде: «Қазақстанда көпұлтты халықтың - 130 ұлт өкілдері мәдениетін бірлік, достық, бауырмашылық арқылы қосып отырған Н.Назарбаев баршамыз үшін көшбасшылықтың үлгісі», - деп атап көрсетті.
Халықаралық Қожа-Ахмет Ясауи қорының президенті Н.К.Зейбек қазақтардың түркітілдес халықтардың бір бөлігі екендігін және түркі әлемінің Орталық Азияда пайда болғанын, қазақ даласында еркіндік пен тәуелсіздіктің әрдайым құпталғанын, қазақтың өркендеуі барлық түркітілдес халықтардың өркендеуі екендігін атап өтіп, «Қазақстан Елбасы туралы қолына қалам алып, оны жарыққа шығарған Дж.Айткенге үлкен алғысымызды білдіреміз», - деді. Сондай-ақ, Қазақстан басшысының әлемдік деңгейдегі осы заманғы көшбасшы екеніне тоқталып, «Н.Назарбаев заманымыздың Ататүркі» деп мәлімдеді.
Белгілі саясаткер, ғылым адамы және бұрынғы Мемлекеттік министр А.Әндіжан «Әлемдік көшбасшы ұғымы - қоғамның тарихи бағасы мен саясаткерге деген алғысының жемісі. Менің көзқарасым бойынша, түркі әлемінде Н.Назарбаевтың саясат сахнасында жоғары көтерілуі тарих беттерінде ізін қалдырады» деген ой тастады.
Кітаптың тұсаукесерінің соңында Дж.Айткен қолтаңбасын таратып, түрік тілшілеріне сұхбат берді.
Батыс жазушысының көзқарасымен жазылған кітапта баяндалған Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуы, дамуы және қазіргі табыстары түрік қоғамында қызығушылық танытары сөзсіз.