Джордж Бушқа бәтеңке лақтырған журналист бостандыққа шығады
АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат - АҚШ-тың экс-президенті Джордж Бушқа бәтеңке лақтырғаны үшін түрмеге қамалған Ирак журналисті Мунтазер әз-Зейди дүйсенбі күні бостандыққа шығады деп күтілуде.
Ирактың «Әл-Бағдадия» тәуелсіз телеарнасының 29 жастағы тілшісі өзінің жанкешті әрекетін 2008 жылы желтоқсанның 14-інде Бағдадта Буш пен Ирак премьері Нури әл-Мәликидің бірлескен конференциясы кезінде жасаған болатын. Әз-Зейди Ақ үйдің экс-басшысына қарай бәтеңке лақтырып тұрып «Бұл Ирактағы жетімдер мен жесірлердің, өлтірілген азаматтардың саған деген соңғы сәлемі» деп айқайлаған болатын.
Журналистің бұл әрекеті Ирак заңнамасы бойынша қылмыстық іс болып табылатын және 15 жылға дейін жаза қарастырылған «ресми сапармен жүрген шет мемлекет басшысына қарсы жасалған аргрессивті әрекет» деп бағаланған еді. Иракта ғана емес, басқа да араб елдерінде ұлттық батырға айналған тілшіні қорғауға 100-ден астам адвокат ниет білдірді, олардың қатарында Саддам Хусейннің бұрынғы қорғаушысы Халиль ад-Дулейми де болды.
Журналистің үстінен сот ісі ақпанның 19-ында басталып, наурыз айында оған сот үкімі шығарылды - 3 жылға кесілді. Сәуір айында бұқаралық ақпарат құралдарында, жақсы тәртібі үшін журналистің мерзімінен бұрын босатылатыны туралы ақпараттар пайда болды. Ал тамыз айының соңында журналист бостандыққа шығатын нақты күн де мәлім болды - ол белгіленген мерзімнен үш ай бұрын, қыркүйектің 14-інде бостандыққа шығатын болды.