Джорджа Мелони Еуропалық сайлауға ресми түрде үміткер болды

Джорджа Мелони Еуропалық сайлауға ресми түрде үміткер болды
Фото: Roberto Monaldo/LaPresse/Copyright 2024 The AP. All rights reserved.

АСТАНА. KAZINFORM - Джорджа Мелони келесі маусымда өтетін Еуропалық сайлауға ресми түрде үміткер болды. Пескарада өткен өзінің оңшыл Fratelli d'Italia («Италия бауырлары») партиясының конференциясында премьер-министр сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Бұл туралы euronews жазды.

Пескарада Сенат төрағасы Игнацио Ла Русса және Премьер-министрдің орынбасары және Сыртқы істер министрі Антонио Таяни болды. Олар Forza Italia (Италия, алға!») атынан сәлемін жеткізді. Премьер-министрдің тағы бір орынбасары, Инфрақұрылым және көлік министрі Маттео Сальвини келмеді. Ол келмеуінің себебін айта отырып, бұл балаларымен бірге өткізетін соңғы жексенбісі екенін түсіндірген.

«Көп жылдар бойы бізге «Таңдау жоқ, біз Еуропаны өзгерте алмаймыз, Еуропа үшін өзімізді өзгертуіміз керек» деп айтып келді. Ел тізгінін ұстаған бір жарым жыл ішінде Джорджа Мелони Еуропаны өзгертуге болатынын және Италияның бұл өзгерістерде жетекші рөл атқара алатынын көрсетті». Италия премьер-министрінің сахнаға шығар алдындағы жарнамалық ролигі осылай басталады. Ары қарай былай жалғасады: «Бізге өзімізді тани алатын Еуропа керек. Сондықтан біз оның тарихын бірге қайта жазғымыз келеді. Бүгін бұл мүмкін болды. Джорджамен бірге Италия Еуропаны өзгертіп жатыр».

Мелони партиясы соңғы сайлауда жеңіске жеткен маңызды мәселелердің бірі заңсыз көші-қонмен күрес болды. Бірақ сарапшылар атап өткендей, уәде етілгеннің бәрі орындалған жоқ. Италия жағалауларына мигранттар ағыны әлі де көп және бұл мәселедегі еуропалық ынтымақтастық механизмі жоспарланғандай жұмыс істемейді.

Премьер-министр өз сөзінде Албаниямен баспана іздеушілерге арналған екі орталық салу туралы келісімге қол жеткізілгенін хабарлады.

Бұған дейін Италия премьер-министрі Джорджа Мелони жайлы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram