Джорджа Мелони Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанмен серіктестікті нығайтуға ниетті екенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Италия Республикасының Премьер-министрі Джорджа Мелони бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
Джорджа Мелони Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы достық үшін алғыс білдірді.
— Стратегиялық көзқарасы қалыптасқан әрі болашаққа ұмтылатын көшбасшымен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен қуаныш. Біз Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, энергетика мен аса маңызды минералдық ресурстардан бастап, жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастыққа дейінгі бағыттарда жаңа стратегиялық мүмкіндіктерге жол ашып келеміз.
Халықтарымыздың өсіп-өркендеуі мен әл-ауқаты үшін осы жолдағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз, — деп жазды ол.
Grazie Presidente @TokayevKZ per le parole di stima e per la sincera amicizia che ha sempre caratterizzato i nostri incontri.
— Giorgia Meloni (@GiorgiaMeloni) September 5, 2026
È un piacere lavorare con un leader che guarda al futuro con visione. Insieme stiamo rafforzando i rapporti tra Italia e Kazakistan, aprendo a nuove e… https://t.co/ky2VgybjE6
Еске салсақ, былтыр мамыр айында Италия премьері Қазақстанға ресми сапармен келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониді қарсы алды. Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони келіссөз жүргізді.
Жалпы елордада өткен «Италия — Қазақстан» іскерлік форумында екі елдің ұйымдары жалпы сомасы 180 миллион еуро болатын 10 меморандумға қол қойды.
Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ең сындарлы көшбасшылардың бірі деп атады.
Айта кетейік, 4 қыркүйекте Джорджа Мелони басқаратын Италия министрлер кабинетінің үздіксіз жұмыс істегеніне 1 413 күн толып, Сильвио Берлусконидің екінші үкіметінің қызмет ету мерзімінен асып түскені белгілі болды. Осылайша Мелони үкіметі Италияда билік басында болу мерзімі бойынша рекорд орнатты.