Джос қаласындағы жарылыс құрбандарының саны 118-ге жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нақтыланған деректерге сүйенсек, сейсенбі, 20 мамырда Нигерияның орталық бөлігінде орналасқан Джос қаласында орын алған екі жарылыстың салдарынан кем дегенде 118 адам қаза тауып, 56 адам жараланды.

Джос қаласындағы жарылыс құрбандарының саны 118-ге жетті

Ұлттық дағдарыс жағдайын бақылау агенттігінде үйінділердің арасында әлі де қаза тапқандардың мүрдесі табылуы мүмкін екендігін айтады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, лаңкестік әрекет Джос қаласындағы базарда орын алды, деп еске салады ИТАР-ТАСС. Полиция «жарылғыш зат екі көлікке қойылған, акция көптеген бейбіт тұрғындарды жою мақсатында ұйымдастырылған» деп санайды. Әзірге бұл жарылысты ешкім мойнына алмады. Алайда қадағалаушылар оны елдегі «Боко Харам» радикалдық тобы жасаған деген болжам айтуда.

Ал Нигерия президенті Гудлак Джонатан терактіні «қорқау қатыгездікке» балады. «Үкімет бұрынғыша лаңкестікті жеңуге толықтай бейілді. Біз бұл жолдан еш таймаймыз», - деп атап өтті ол.

Естеріңізге сала кетейік, 20 мамырда Нигерия парламенті елдің солтүстігінде орналасқан «Боко харам» лаңкестері бар штаттарда төтенше жағдай режімін ұзартқан болатын.