Дзюдо: Әскерилер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандықтар 4 медаль ұтып алды
"Бiз чемпионатта ең көп дегенде 20 команда қатысады деп күткен едiк. Себебi статистика бойынша мұндай жарыстарға 18-20 ел қатысады. Дегенмен бiздiң елге қызығушылық танытқандықтан болар, бiздiң елордада өтiп жатқан чемпионатқа 28 мемлекеттен күресшiлер келдi", - дейдi ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы - Орталық әскери спорт клубының (ОӘСК) бастығы Ерлан Таласбаев.
Әскерилер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар жалпы жиынтығы 4 медаль ұтып алды. Оның iшiнде ОӘСК-ның қатардағы сарбазы Елдос Жұмақанов 66 келi салмақ дәрежесiнде алтын медаль ұтып алса, 60 келi салмақта сарбаз Мейiрлан Беймахамбетов күмiс жүлденi қанжығамызға салды. ОӘСК-ның кiшi сержанты Қажымұқан Өтеулиев қола медальға қол жеткiздi. Сонымен қатар әйелдер арасында 52 келi салмақта Олеся Куценко мен 57 келi салмақта кiшi сержант Алина Тен үшiншi орын иеленiп, қола медаль iлдi.