Дзюдо: Елорда төрінде Париж Олимпиадасына ұпай үлестіретін соңғы жарыс өтеді

спорт
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Дзюдодан Париж Олимпиадасына ұпай үлестіретін соңғы әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі Астана қаласында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Жарыс 10-12 мамыр күндеріне жоспарланған.

Қазіргі жарысқа 60-тан астам елдің, соның ішінде әлемдік рейтинг көшбасшылары Жапония, Оңтүстік Корея, Франция мемлекеттерінің спортшылары тіркелген.

Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді.

Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.

Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екі жақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл бәсеке 2024 жылғы Париж Олимпиадасына рейтингтік ұпай беретін соңғы Grand Slam жарысы болмақ.

Жарыс бағдарламасы:
10 мамыр
Әйелдер: -48 кг, -52 кг, -57 кг
Ерлер: -60 кг, -66 кг

11 мамыр
Әйелдер: -63 кг, -70 кг
Ерлер: -73 кг, -81 кг

12 мамыр
Әйелдер: -78 кг, +78 кг
Ерлер: -90 кг, -100 кг, +100 кг.

Соңғы жаңалықтар