Дзюдо: Еуропа ашық кубогында ел намысын кімдер қорғайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы демалыс күндері, яғни 3-4 наурыз күндері Чехияда (Прага) дзюдодан Еуропа ашық кубогы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Дзюдо федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, аталған додада Қазақстан намысын 24 (10 ер, 14 әйел) татами шебері қорғайды.
Ерлер арасында 60 келі салмақта екі бірдей балуанымыз Қылыш Еренғайыпов пен Жеңісбек Жақсыбек сынға түссе, 66 келіде Бауыржан Сағынғалиұлы, 73 келі салмақта Әділет Сейілханов пен Нұрлан Оразалин белдессе, 81 келі салмақта Еламан Қойшыбаев, 90 келі салмақта Алмас Акрашев ел намысын қорғайды. Ал 100 келіге дейінгі салмақта да екі балуанымыз Нұрым Сәлімгереев пен Мақсат Исағабылов бозкілемге шықса, аса ауыр салмақта Ғалымжан Қырықбайға үміт артатын боламыз.
Ал әйелреден 48 келі салмақта Ақмарал Науатбек пен Абиба Абужақынова сынға түссе, 52 келі салмақта үш бірдей аруымыз Камшат Қарасайқызы, Назгүл Елмұратова және Айдана Бугылбаева ел намысын қорғамақ. 57 келі салмақта Гаухар Дүкенбайға үміт артса, 63 келі салмақта төрт бірдей қызымыз Иоланта Бердібекова, Назгүл Құбашева, Ділбар Өміралиева және Ақниет Тұрдан жүлдеге таласатын болады.
70 келі салмақта Динара Құдарова мен Ажар Салықова сынға түссе, 78 келіге дейінгі салмақта Назгүл Маратова ел намысын қорғайды.
Сондай-ақ, әйелдер арасында ауыр салмақта ( +78 кг) Саида Капсаляков боз кілемге шығады.