Дзюдо: Ғалия Тынбаева жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтіп жатқан дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысында Ғалия Тынбаева жартылай финалға шықты. Нақтырақ айтсақ, 48 келіде ел намысын қорғап жатқан отандасымыз Тынбаева осыдан бір апта бұрын Душанбеде өткен турнирдің күміс жүлдегері түркиялық Тугче Бедерден айласын асырып, жартылай финалға өтті.
Енді жартылай финалда Ғалия әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ширин Буклимен белдеседі.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін бүгін татамиге шыққан бұрымды балуандарымыздан Ғалия Тынбаевадан өзгесі жаппай ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Елорда төрінде өтіп жатқан бұл жарыста Париж Олимпиадасының соңғы лицензялары сарапқа салынып жатыр. Аталған додаға әлемнің 92 елінен 519 татами шебері қатысып жатыр. Сынға түсіп жатқан балуандардың қатарында 3 Олимпиада, 13 әлем чемпионы бар.
Бұл бәсекенің нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді.
Атап айтқанда, І орын үшін 1 000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептеледі.