Дзюдо: Grand Slam, Grand Prix жарысының жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Алматы облысында Қазақстан ұлттық құрама командасының оқу-жаттығу жиыны аясында спортшыларды марапттау шарасы өтті.
ҚР Дзюдо федерациясы мәлім еткендей, федерация президенті Қуанышбек Есекеевтің жетекшілігімен өткен кеште 2024 жылғы спорт маусымында жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген спортшылар ақшалай сыйлыққа ие болды.
Grand Slam кезеңдерінің күміс-қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова 1.7 млн, Grand Slam жарысының жеңімпазы Нұрқанат Серікбаев - 1 млн, Grand Slam кезеңдерінің қола жүлдегерлері Нұрлыхан Шархан, Данияр Шамшаев және Ғалия Тынбаева 400 мың теңгелік сертификаттармен марапатталды.
Іс-шара соңында Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев дзюдошыларға алдағы Азия чемпионатына сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін дзюдодан 20-22 сәуір аралығында Гонконгта өтетін XXXII Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайтыны туралы жазған болатынбыз.
Азия чемпионатында 1-орынға — 700 ұпай, күміс жүлдегерге — 490 ұпай, қола медаль алғандарға 350 ұпай беріледі.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 1993 жылдан бері Азия чемпионатына қатысып, 14 алтын, 24 күміс, 77 қола жеңіп алған.