Дзюдо: Ғұсман Қырғызбаев Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әбу-Дабиде Grand Slam сериясындағы дзюдо турнирі өтті. Турнирде ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының дзюдошысы, ефрейтор Ғұсман Қырғызбаев алтын медальді жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан командасы атынан шыққан әскери қызметкер 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Басты айқаста Ғұсман француз палуаны Валид Хярмен жекпе-жекке шықты. Айқас біздің спортшының жеңісімен аяқталды.
Әбу-Дабидегі Үлкен шлем - IJF World Judo Tour элиталық дзюдошылар сериясындағы кезекті кезең. Ол 24-26 қазан аралығында өтіп жатыр. Жарысқа 104 елден 603 спортшы қатысуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елдос Сметов бастаған дзюдошылардың Grand Slam турниріне қатысатынын жазған болатынбыз.