Дзюдо: Нұрқанат Серікбаев Азия чемпионатының жартылай финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қытайдың Гонконг қаласында дзюдодан Азия чемпионаты басталды. Қазақстандық татами шеберлері Сарықұрлық додасын сәтті бастады.

Атап айтсақ, 60 келі салмақта сынға түсіп жатқан қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Азия чемпионатының жартылай финалына шықты. Ол ширек финалда өзбекстандық Достон Рузиевтің осал тұсын тапты.
Ал 66 келі салмақта Жанарыс Рахметқали (-66 кг) ересектер арасындағы өзінің алғашқы Азия чемпионатын сәтті бастады. Ұлттық құрама спортшысы алғашқы айналымда филиппиндік Шуген Наканоның жауырынын жерге тигізді. Енді оның келесі қарсыласы - БАӘ-нің өкілі Нармандах Баянмунх болмақ.
Сонымен қатар 66 келіде ел намысын қорғап жатқан тағы бір отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев Азия чемпионатында филиппиндік дзюдошы Ренди Ферреро мен Сауд Аламириді таза ұтты. Отандасымыз келесі кезеңде Сардор Нуруллаевпен күш сынасады.
Ал әйелдер арасында 48 келі салмақта сынға түсіп жатқан Үлттық құраманың үздігі Әбиба Әбужақынова Азия чемпионатындағы алғашқы белдесуінде Түркменстан дзюдошысы Құрбанай Құрбанованы таза ұтты. Енді оның келесі қарсыласы Кано Мияки (Жапония) болмақ. Тағы бір отандасымыз 57 келі салмақта сынға түсетін Бахыт Құсақбаева да Азия чемпионатын жеңіспен бастады. Ол голден-скорда Ти Бич Нгуенді (Вьетнам) жеңді.