Дзюдо: Рустам Ибраев Дюссельдорф қаласында өткен гран-при жарысында қола медальға ие болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошы Рустам Ибраев Германияның Дюссельдорф қаласында өткен гран-при жарысында қола медальға қол жеткізді, деп хабарлады Спорттық жекпе-же және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының баспасөз қызметінен.
60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Рустам Ибраев жеребе қорытындысы бойынша бірінші айналымнан өтіп, келесіде Британия спортшысы Эшли Маккензиден басым түсті. Келесі жекпе-жекте ол әлем чемпионы, жапон палуаны Наохиси Такатоны тізе бүктірді.
Жартылай финалға жолдама үшін күресте Ибраев әлем чемпионатының жүлдегері оңтүстіккореялық Ким Вон Джиннен ұтылып қалды. Кейін жерлесіміз француз спортшысы Винсента Лимарды ұтып, таразыға қола жүлде қойылған ақтық сында Еуропа чемпионы грузиялық Амиран Папинашвилиді жеңді. Бүгін, Дастан Ықыбаев пен Ертуған Төренов (73 кг), Азиз Қалқаманұлы (81 кг), Ислам Бозбаев пен Тимур Болат (90 кг), Максим Раков және Виктор Демьяненко (100 кг), Руслан Абдразақов (100 кг астам) боз кілемге шығады.