Дзюдодан 2027 жылғы әлем чемпионатының туы Қазақстанға табысталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан 2027 жылы Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатының туын қабылдады. Салтанатты рәсім Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан әлем біріншілігі аясында ұйымдастырылды.

Казахстан готовится к чемпионату мира по дзюдо: флаг турнира передан Астане
Фото: ҚДФ

Рәсім барысында Әзербайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнур Мамедли әлем чемпионатының туын Халықаралық дзюдо федерациясына (IJF) қайтарды.

Өз кезегінде IJF бас хатшысы Лиза Аллан туды Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке салтанатты түрде табыстады.

Дзюдодан келесі әлем чемпионаты 2027 жылдың 7-14 маусымы аралығында Астана қаласында өтеді.

Казахстан готовится к чемпионату мира по дзюдо: флаг турнира передан Астане
Фото: ҚДФ

Бұл дода 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіндегі маңызды жарыстардың бірі саналады. Әлемнің үздік дзюдошылары Олимпиада жолдамасына қол жеткізуге қажетті рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі.

Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев әлем чемпионатына дайындық барысында жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға және ұлттық құраманың дайындығына басымдық берілетінін айтты.

– Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу – халықаралық спорт қауымдастығының елімізге білдірген сенімінің көрінісі. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің міндетіміз – жарысты Халықаралық дзюдо федерациясының талаптарына сай өткізу және ұлттық құраманың дайындығын қамтамасыз ету. Үйде, жанкүйерлер алдында белдесу спортшыларымыз үшін маңызды сынақ болмақ. Сондықтан олардың жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына және ел намысын абыроймен қорғауы үшін қажетті жағдай жасауға көңіл бөлеміз. Алдағы чемпионат елдегі дзюдоның дамуына тағы да үлкен серпін береді деп сенеміз, – деді Қуанышбек Есекеев.

дзюдо
Фото: ҚДФ

2027 жылы дзюдодан әлем чемпионаты араға 12 жыл салып қайтадан Қазақстанда ұйымдастырылады. Бұған дейін 2015 жылы Астана қаласы әлем біріншілігін қабылдаған болатын.

Сонымен қатар Қазақстан 2023-2026 жылдар аралығында төрт жыл қатарынан Халықаралық дзюдо федерациясының ресми күнтізбесіне енген Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирін өткізді.

Аталған жарыс Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесінде маңызды рөл атқарады. Турнирге әлемнің жетекші дзюдошылары қатысып, халықаралық рейтингтегі ұпайларын толықтыруға мүмкіндік алды.

Осындай жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстардың Қазақстанда тұрақты ұйымдастырылуы еліміздің әлемдік дзюдо аренасындағы беделін нығайтып, ірі спорттық іс-шараларды қабылдау тәжірибесін арттырып келеді.

Казахстан готовится к чемпионату мира по дзюдо: флаг турнира передан Астане
Фото: ҚДФ

Айта кетейік, Бакуде өткен әлем чемпионатында қазақстандық Шерзод Давлатов 60 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанған болатын.