Дзюдодан ӘЧ: Қазақстан құрамасы тұңғыш рет төртінші орынға көтерілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда дзюдодан жасөспірімдер арасында мәреге жеткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандықтар 1 алтын, 1 күміс, 4 қола, барлығы алты медальмен 61 елдің ішінен үздік төрттікке ілікті.
Атап айтқанда, Нұрқанат Серікбаев алтын, Мәдина Парагульгова күміс, Әлима Жұмағалиева, Әділ Мәрлен, Тілеген Тынарбай және Айдар Арапов қола жүлдені еншіледі.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Ғайнолла Есенғалиевтің Olympic.kz сайтына мәлім еткеніндей, алғаш рет осыншама медаль ел қоржынына түсті.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір жасөспірімдер қателіктер жіберді. Дегенмен олар жас, кадеттер қатарында әлі де өнер көрсететін болады.
Нұрқанат Серікбаев тамаша күрессе, Мәдина Парагульгова үмітті ақтады. Басқалары да финалға бір қадам жетпей тоқтады.
«Біз чемпионат қожайындары ретінде қос құраманы жарысқа қоса алдық. Олимпиадалық даярлау орталықтарында жақсы жұмыс атқарылды. Қазақстан дзюдо федерациясы тарапынан жан-жақты қолдауды сезіндік. 2017 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан тек бір қола медаль алған-ды. 2018 жылғы жасөспірімдер олимпиадасында да жүлдесіз қалған жоқпыз. Бұл жолы, міне, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы тарихи нәтиже көрсетіп отыр. Енді 2003-2004 жылғы жасөспірімдерді даярлайтын боламыз. Оларды іріктеп, Азия чемпионаты мен «Азия балалары» жарысына дайындаламыз», деді әлем чемпионатын қорытындылаған Ғайнолла Есенғалиев.
Жарыстың соңғы күні Қазақстан құрамасы аралас командалық жарыста бірінші кездесуінде-ақ Моңғолия дзюдошыларынан ұтылып, жүлделі орындар үшін таласа алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық дзюдошының әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.