Дзюдодан Азия чемпионатында қазақстандықтарға «алтын» бұйырмады

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Гонконг қаласында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатынан Қазақстан татами шеберлері алтын ала алмады.

Азия чемпионаты
Фото: Спорты дамыту дирекциясы

Бүгін жарыстың үшінші күні қола медаль үшін күрескен Аруна Жангельдина (-78 кг) мен Нұрлыхан Шархан (-100 кг) қосымша уақытта (golden score) қарсыластарына есе жіберіп, сары құрлық додасын бесінші орынмен аяқтады.

Осылайша, Гонконгтағы Азия чемпионатында бірде-бір балуанымыз финалға шыға алмады. Жартылай финалға шыққан балуандардан тек үш дзюдошы ғана қола жүлдеге ілікті.

Атап айтсақ, кеше 63 келі салмақта ел намысын қорғаған Эсмигуль Куюлова қола жүлде алған еді.

Ал алғашқы жарыс күні 66 келі салмақта Жанарыс Рахметқали мен 48 келі салмақта Ғалия Тыныбаева үздік үштіктен көрінген. Екеуі де Азия біріншілігіндегі алғашқы жүлделеріне қол жеткізді.

Ал Ұлттық құраманың көшбасшылары саналатын Абиба Әбужақынова, Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаевтар Азия чемпионатынан құралақан қайтты.

Азия чемпионатының жеңімпазы рейтингте 700, күміс жүлдегер 490 ұпай алса, үздік үшінші орындарға қол жеткізген дзюдошыларға 350 балл қосылады. Сонымен қатар қола жүлде жолында жеңілген 2 дзюдошы 250 ұпайға қол жеткізеді.

Енді ертең командалық бәсеке өтеді. Ұлттық құрамамыз жартылай финал жолдамасын Үндістанмен сарапқа салады.