Дзюдодан Қазақстан чемпионаты: Оралда алғашқы жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы теннис орталығында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының алғашқы жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, жарыстың бірінші күні төрт салмақ дәрежесінде мықтылар белгілі болды.

Ерлер арасында 60 кг салмақта қызылордалық Мағжан Шамшадин чемпион атанды. Маңғыстаулық Бауыржан Нарбаев екінші, атыраулық Қанат Сейілхан мен елордалық Ержан Еренғаипов үшінші орынға ие болды. 66 келіде финалда шығысқазақстандық Дастан Шаяхметовті ұтқан атыраулық Ермек Амангелді үздік шықты. Тағы бір атыраулық Айболат Ыстыбай мен шығысқазақстандық Алмас Ғалымов қола жүлдені қанағат тұтты.

Әйелдер арасында 48 келі салмақта атыраулық Әбиба Әбужақынова жеңіс тұғырына көтерілсе, Алматы облысынан келген Диана Буркеева күміспен күптелді. Түркістандық Сара Құлым мен солтүстікқазақстандық Ділназ Асылхан үздік үштікке ілікті. 52 келі салмақта батысқазақстандық Гауһар Ермағамбетова (бапкері Қасым Қаженов) алтын медальмен марапатталды. Қызылордалық Салтанат Сұлтанбекова екінші, Алматы қаласынан келген Диана Аипова мен Алматы облысының өкілі Нұрсұлу Ерәлиева үшінші орыннан көрінді.

Токио Олимпиадасынан кейін өтіп жатқан ел біріншілігі ертең де жалғасады. Чемпионатқа 400-ге жуық дзюдошы қатысуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтетінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар