Дзюдодан Қазақстан құрама командасы Әлем біріншілігінде бірде-бір медальге қол жеткізе алмады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Дзюдодан Қазақстан құрама командасы Ресейдің Челябинск қаласында өтіп жатқан Әлем біріншілігінде бірде-бір медальге қол жеткізе алмады. Бұл біріншілікке жаттықтырушылар штабы ұлттық құраманың екінші және үшінші нөмірлі дзюдошыларын алып барған болатын, - деп хабарлайды Қазақстанның дзюдо федерациясының баспасөз қызметі.
None
None

Бұған дейін журналистерге берген сұхбатында дзюдодан Ұлттық құрама команданың бас бапкері Ермек Имамбеков: «Біз үшін биылғы жылдың басты сайысы - Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін (19 қыркүйек - 4 қазан) Азия ойындары ғой. Оған еліміздің ең мықты деген айтулы дзюдошыларын алып барамыз. Дегенмен, қалай болғанда бұл Әлем біріншілігінде қайсысынан болмасын екі медальді жеңіп алу жоспарымызда бар. Оның бірін, Максим Раков әкелуі тиіс. Өйткені жаттықтырушылар штабы оған үлкен сенім артып отыр. Оның «Әлемдік» дода мен «Азия ойындарында» да жетістікке жетуіне мүмкіндігі зор» - деген болатын. Алайда, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 2009 жылғы Әлем чемпионы жеребе бойынша алғашқы белдесуде атақты моңғол балуаны Тувшинбаяр Найданмен кездесті. 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының финалында отандасымыз Асхат Жіткеев осы жігітке есе жіберіп алған болатын. Кейін Найдан Лондон Олимпиадасының финалында ресейлік Тагир Хайбулаевтан жеңіліп, күміс жүлдеге ие болғанды. Бұл жолы тәжірибелі моңғол балуаны шабуылға шықпай, ұрымтал сәтті аңдумен болды. Отандасымыз қанша жерден белсенділік танытып, алға ұмтылғанымен оң нәтижеге қол жеткізе алмады. Негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта Тувшинбаяр «юко» жасап, «алтын ұпайға қол жеткізді. Есеп 0:1. Раков Әлем чемпионатынын тыс қалды. Онымен қатар, құрама команданың басқа барлық мүшесі де жеке сайыста жеңіліске ұшырады. Осылайша, дзюдодан жеке сайыстардың қорытындысы бойынша Жапония құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. Күншығыс елінің қоржынында 4 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль. Екінші орынға көтерілген Франция құрама командасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медальге ие болды. Ал үшінші орында қатарынан екі команда: Бразилия мен Куба командасы орналасты. Оларда 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальден. Ресей командасы 2 күміс және 6 қола медальмен 11 орынға тұрақтады.

Бүгін чемпионаттың соңғы күні. Дәл қазір командалық жарыстар өтіп жатыр. Оған 16 ерлер командасы мен 16 әйелдер арасындағы командалар қатысуда. Бүгін кешке Чемпионаттың жабылу рәсіміне бағдарлама бойынша, Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуы жоспарланған. Онда Әлем біріншілігінің ауыспалы туы Қазақстан делегациясына табыс етіледі. Дзюдодан келесі «Әлемдік» дода қазақ жерінде өтеді.

Соңғы жаңалықтар