Дзюдошы Дана Әбдірова Азия чемпионатының ширек финалына өтті

АСТАНА. KAZINFORM —  Қытайдың Ордос қаласында дзюдодан Азия чемпионатының екінші жарыс күні өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Дзюдошы Дана Әбдірова Азия чемпионатының ширек финалына өтті
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бүгін ұлттық құрама сапынан татамиге алғаш болып жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дана Әбдірова мен Бангкокта өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері Бақыт Құсақбаева шықты. Олар 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатыр.

Дзюдошы Дана Әбдірова Азия чемпионатының ширек финалына өтті
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Ширек финалға жолдама үшін өткен белдесуде Дана Қырғызстан өкілі Бегай Бейшеналы қызын жеңді. Ал Бақыт Жапония спортшысы Мина Комиямеге есе жіберді.

Келесі болып Қазақстан құрамасынан 73 келіге дейінгі салмақта Есет Қуанов Қытай спортшысы Линь Гаохуэймен белдеседі.

Осыдан бұрын Қазақстан дзюдодан Азия чемпионатының алғашқы күнінде жүлдесіз қалғанын жазғанбыз.