Дзюдошы Мағжан Шамшадиннің қашан қатарға қосылатыны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап жүрген дзюдошы, Қазақстан құрамасы үздіктерінің бірі Мағжан Шамшадин ауыр жарақаттан соң құрамаға қайта оралады.

мағжан шамшадин
Фото: Kazinform

Olympic.kz сайтының хабарлауынша, спортшы мамыр айындағы Тәжікстанда өтетін турнирге қатыспақ. Бұл туралы Мағжанның бапкері Қален Қалиұлы айтқан. 

«Мағжан өткен маусымның соңында жарақатына байланысты қатардан шығып қалды. Бәріміз үшін өте маңызды саналатын олимпиадалық циклде бірнеше турнирден қалып қойдық. Десе де, біз үшін Мағжанның денсаулығы маңызды. Сондықтан, жарақатынан толық айыққасын ғана жарысқа қатыстыруды дұрыс деп шештік. Қазіргі таңда Мағжанның денсаулығы жақсы. Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынындамыз. Мамыр айында Тәжікстанның Душанбе қаласында өтетін Гран-при турниріне, кейін Астанада өтетін Grand Slam турниріне қатысамыз деп жоспарлап отырмыз», - деді спортшының бапкері бапкер Қален Қалиұлы. 

Айта кетейік, бүгінде Мағжан Шамшадин олимпиадалық рейтингіде 24-орында тұр.