Дзюдошыларымызды алда қандай ірі жарыстар күтіп тұр
Қазақстандық татами шеберлерін жаңа басталған жылда қандай ірі додалар күтіп тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform.
ҚР Дзюдо федерациясы мәлім еткендей, 2024 жылы дзюдодан әлемдік гранд турлар жалғасын табады. Сол арқылы спортшылар олимпиадалық рейтингідегі жағдайын одан әрі жақсартуға мүмкіндік алады.
Атап айтсақ, Халықаралық дзюдо федерациясының кестесіне сәйкес, 26-28 қаңтар күндері Португалияда Гран-при турнирі өтеді.
2-4 ақпан аралығында Парижде «Үлкен Дулыға» Халықаралық турнирі мықтыларды анықтайды.
Ал 16-18 ақпанда Бакуде, 1-3 наурыз күндері Ташкентте, 22-24 наурызда Тбилисиде, 29-31 наурызда Антальядағы Grand Slam турнирлерінің алауы тұтанады.
19-24 мамыр аралығында Абу-Дабиде ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Сондай-ақ, 10-12 мамырда Grand Slam турнирін Алматы қаласы қабылдайды.
Олимпиада қарсаңындағы соңғы жарыс 28-30 маусым күндері Ұлан-Батор қаласында өтпек.
Ал Париждегі Олимпиада ойындарында дзюдо бағдарламасы 27 шілде мен 2 тамыз аралығына жоспарланған.