Дзюдошы Ерлан Серікжанов Тунисте қола жүлде алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тунисте дзюдодан ересектер арасында өткен әлемдік Гран-приде үшінші орынды иеленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының екі спортшысы Қазақстан құрамасына қабылданып, Тунистегі әлемдік Гран-приде ел намысын қорғауға аттанды. Бірінші күннің өзінде Үржар ауданынан шыққан дзюдошы Ерлан Серікжанов іріктеу кезеңінде америкалық Алаа әл-Идрисиді, кейін Испания өкілі Альберто Гайтероны, ширек финалда чехиялық Павел Петриковты жеңіп, қола медаль үшін күресте Ресейден барған Иса Исаевтан басым түсті. Ерланның бұл жеңісіне 350 ұпай берілді.
Айта кетелік, бұл турнирде спортшылар рейтинг үшін күш сынасып жатыр. Жүлделі орындар үшін оларға балл беріледі. Бірінші орынға - 700, екінші орынға - 490, үшінші орынға - 350 ұпай тігілген.
Екінші спортшы Жасұлан Мұхаметханов бірінші кездесуде жапониялық Йошики Кирадан жеңіліп қалды.