Дзюдошы Кәмила Берліқаш Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Кәмила Берліқаш дзюдодан Бакуде өткен Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, К.Берліқаш 78 келіден жоғары салмақта үздік үштікке ілікті.
Жарысты ширек финалдан бастаған 22 жастағы Кәмиоа әуелі түрік дзюдошысы Себиле Акбулутты қосымша уақытта вазаримен тізе бүктірді. Жартылай финалда сербиялық Милиша Сабишке жол берді. Дегенмен қола жүлде үшін белдесуде хорватиялық Тина Радичтен айласын асырды.
Кәмила Берліқаш биыл осымен Grand Slam жарысында екінші рет жүлдегер атанып отыр. Маусым айында Уланбатор Grand Slam додасында қола медаль ұтып алған еді.
Сонымен қатар биыл Әбиба Әбужақынова да Grand Slam турнирінде екі медаль алған болатын. Оған қоса Әбибаның әлем чемпионатында қола жүлдегер атанғаны белгілі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбиба Әбужақынованың қазақ қыздары арасынан алғаш рет дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.