Дзюдошыларымыз екі күн қатарынан жүлдеге іліге алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дюссельдорфта өтіп жатқан Гран При турнирінің екінші күнінде де қазақстандық дзюдошылар жүлдеге іліне алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дзюдошыларымыз екі күн қатарынан жүлдеге іліге алмады

Жарыстың екінші күні дзюдошылар -73 кг, - 81 кг, -63 кг, -70 кг салмақ дәрежесінде белдесті.

73 келіде татамиге шыққан Жансай Смағұлов алғашқы айналымда румыниялық Серсиа Марсельді ұтқанымен, екінші айналымда грузин дзюдошысы Лаша Шавдатуашвилиге есе жіберіп, жарыстан шығып қалды.

81 келіде сынға түскен Қажымұқан Өтеулиев пен Әзиз Қалқаманұлының да бүгін жолы болмады. Өтеулиев алғашқы кездесуінде-ақ моңғолиялық Баянмунх Гаажадамбаға вазари ұпайымен жеңілсе, Қалқаманұлы голден скорда үшінші шидосын алып, екеуара кездесу АҚШ спортшысы Хаттон Джэктің пайдасына шешілді.

Әйелдер арасындағы сында 63 келіде Мариан Урдабаева жарысты сәтті бастаған еді. Бірінші белдесуінде швециялық Эрикссон Иданы иппонмен жеңіп, екінші айналымда өкінішке қарай, жапон қызы Набекура Намиге төтеп бере алмады.

70 келіде Жанар Қашқын мен Ділбар Өмірәлиева да бірінші белдесуден ары аспады. Қашқын швециялық Бернхолм Аннаға, Өмірәлиева неміс қызы Буткереит Мириамға иппонмен жеңілді.

Бүгін әлемдік Гран При турнирінің үшінші күнінде дзюдошылар 5 салмақ бойынша белдесетін болады. Олар: Дәулетхан Жақыпов (90 кг), Айбек Серікбаев (-100 кг), Еламан Ерғалиев (+100 кг), Ержан Шынкеев (+100 кг), Альбина Амангелдиева (-78 кг) және Гүлжан Исанова (+78 кг).

Естеріңізге сала кетсек, Гран При турнирі ақпанның 24-інен 26-сына дейін жалғасады. Аталмыш додаға 50 елден 346 дзюдошы қатысып жатыр.