Е.Айтмұхамбет: Жасөспірімдер мен жастардың мінез-құлқына ерекше мән беру қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жасөспірімдер арасындағы суицидалды мінез-құлықтың алдын алу және психикалық денсаулықты сақтауға мүмкіндігінше көңіл бөлген дұрыс. 
None
None

Бұл туралы Атырауда өткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық кеңесінің отырысында «Bilim Foundation» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ерлан Айтмұхамбет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша Қазақстан соңғы жиырма жылда тұрақты түрде жағдайы мүшкіл мемлекеттердің қатарынан табылып келеді.  1999 жыл мен 2008 жылдың арасында жасөспірімдер арасындағы суицид 23%-ға артып, 15-19 жас аралығындағы жастар арасында еліміз бірінші орынға шықты. 2011 жылы 15-19 және 20-24 аралығындағы жастар арасында суицид коэфициенті 100 000 адамға шаққанда 23,5 және 30,9-ды құраған. Ал қазіргі таңда жыл сайын 200-ге жуық мектеп жасындағы бала өзіне қол жұмсап дүниеден озады. Осылайша, суицид жасөспірімдер өлімінің жол апатынан кейінгі негізгі екінші себебіне айналды», - деді Е.Айтмұхамбет.

Оның айтуынша, осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін 2012 жылы Қазақстанның бес өңірінде жасөспірімдер мен жастардың арасындағы суицидалды мінез-құлықты зерттеу жұмыстары жүргізілген.

«Нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы өзіне өзі қол салушылықты алдын алуға мүмкіндік беретін әдістеме дайындалды. Ал 2015 жылдан бастап Қызылорда облысына енгізіліп, 2017 жылдың 6 сәуірінде еліміздің барлық өңірлердің қатысуымен өткізілген конференцияда оның оңды нәтижелері жарияланды. Ілкі жобаның тиімділігін ескере отырып оны еліміздің барлық облыстарына енгізу мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктерінің бірлескен бұйрығы қабылданған болатын», - деді ол.

Сонымен қатар ол аталған шараларды жүзеге асыру мақсатында 2017 жылдың шілде айынан бастап Атырау облысында «Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы енгізілгелі отырғанын айтты.

«Бағдарлама барысында Атырау облысындағы барлық 12 602 мектеп пен колледж мұғалімдері оқушылардың бойындағы суицидалды мінез-құлықты тануға, 274 педагог-психологтар суицидалды қауіпті анықтауға, 243-қа жуық емхана дәрігерлері осы дертті емдеуге оқытылады. Жасөспірімдермен жұмыс істейтін мамандар оқытылғаннан кейін қазан айынан бастап облыстағы 26 000 жуық 14 пен 16 жастағы жасөспірімдердің псиихикалық денсаулығы бақылауға алынады. Жасөспірімдерге менталды денсаулықтың маңыздылығы мен стрестік, депрессиялық жағдайлардан шығу үшін қажетті білімдер беріліп, дағдыларға үйретіледі. Сонымен қатар, қоғамда менталды денсаулықтың адам өміріндегі маңыздылығы және оны күтудің жолдары мен амалдары туралы ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіледі. Мұндай кешенді жұмыстардың жүргізілуі мамандарды тиісті әдістемемен қамтамасыз ете отырып және жасөспірімдердің, жалпы алғанда қоғамның сауаттылығын арттыра отырып бұл дертпен күресуге мүмкіндік береді», - деді Е.Айтмұхамбет.

Айта кетерлігі, мамандар Кеңес отырысында жасөспірімдер арасындағы суицидалды мінез-құлықтың алдын алу және психикалық денсаулықты сақтаудағы дәрігерлердің рөлі туралы мәселелерді де талқылады. Сондай-ақ,  жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасының Қызылорда мен Маңғыстау облыстарына енгізу тәжірибесін қарастырды.

Соңғы жаңалықтар