Е.Бекмаханов мың өліп, мың тірілген қазақтың ой-санасына ерекше серпін берген ұлы тұлға - Ә.Кекілбаев

«Оның жазықсыз қудаланғанына қарамастан докторлық ғылыми атағын екінші рет қорғап шығуының өзі - үлкен ерлік. Ал өктемшіл тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылмай, сіресіп тұрған кездің өзінде Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі туралы монография жазуының өзі - жанкешті, көзсіз ерлік болатын. 50 жыл ғана өмір сүрген, оның да көбін қуғынмен өткізген ғалымның қазақ тарихының шынайы жүйесін жасап, кейінгі ұрпаққа қалдырған тәлімді үлгісі ешқашан да ұмытылмайды», - деді Ә.Кекілбаев.
Таныстырылымда сөз алған фильмнің кеңесшілері, белгілі ғалым Мақсұт Нәрікбаев, «Тамаша адамдар өмірі» сериясынан Мәскеуден «Ермұқан Бекмаханов» атты ғұмырнамалық кітап шығарған жазушы Медеу Сәрсеке, тарихшы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелді, фильмнің сценарийшісі әрі қоюшы-режиссері Сатыбалды Нарымбетов фильмнің бүгінгі көрермен үшін өз тарихын танудағы маңызы туралы әңгіме қозғады. Аталмыш фильм бүгін елімізде кеңінен аталып өтіп жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылды.
Бұдан бұрын, хабарлағанымыздай, фильмнің желісі бірнеше уақыт аралығын қамтиды: ХІХ ғасырдың орта тұсы - Кенесары ханның тәуелсіздік жолындағы күресі, ХХ ғасырдың ортасы және 60 жылдардың соңы. Фильмде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске арналған зерттеулері үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған тоталитарлық жүйенің құрбаны, Алаш арысы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры баяндалады. Қазақ халқының болашағына алаңдаған фильмдегі әр кейіпкердің тағдыры өз заманында суреттелсе, олардың алға қойған мақсат-мүдделері бір - ар-ожданына берік болу және өз халқының бостандығына қол жеткізу.
Фильмнің режиссері және сценарий авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сатыбалды Нарымбетов. Басты рөлдерде Берік Айтжанов (Ермұхан Бекмаханов), Қарлығаш Мұхамеджанова (әйелі - Халима), Санжар Мәдиев (Кенесары хан), Әзиз Бейшеналиев (КГБ қызметкері).
Сайлау Абылаев