Е.Досаев Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясындағы мемлекет үлесінің артуын жоққа шығармайды
АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясындағы (ENRC) мемлекет үлесінің артуын жоққа шығармайды.
Бұл пікірді ол бүгін Қазақстан Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде білдірді.
«Біз аталған компаниядағы минималды пакетті сақтап қаламыз деп санаймыз. Егер мүмкіншілік болса арттырамыз да. Дегенмен, соңғы шешім ENRC-дің жеке акционерлері жасаған ұсыныстар қуатталғаннан кейін ғана қабылданатын болады», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекет аталған корпорацияны елдің ең маңызды тау-кен өндіруші активі ретінде қарастырады. «Біз әлі келісімге келген жоқпыз. Біз соның жолындамыз. Алдын ала Үкіметке түскен ұсыныс бар. Соңғы құрылым ұсынылғаннан кейін Үкімет бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасайтын болады. ENRC компаниясындағы Үкіметтің үлесін арттыруға ниет бар», - деді Е.Досаев.