Е.Досаев: Үкімет штаты қысқармайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық және жергілікті билікке бірқатар өкілеттігін бергенімен Үкіметтің штаты қысқармайды. Бұл туралы бүгін Сенатта «ҚР Үкіметі туралы» ҚР Конституциялық Заңына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңының жобасы, «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев айтты.
«Үкімет кеңсесінің штаты азаймайды», - деді ол сенаторлар тарабынан қойылған сауалға орай.
Айта кетейік, бүгін Е.Досаев Үкіметтен 2442 функцияның 1606-сын орталық атқарушы органдарға беру ұсынылатындығын жеткізген болатын. Осыған орай депутаттар Үкіметтің атқаратын қызметі 3 есеге қысқаратындықтан оның штат санын азайту көзделген-көзделмегенін сұраған еді.