Е. Дошаев: Қазақстандағы арақ - Кеден одағы елдері арасындағы ең арзаны

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандағы арақ - Кеден одағы елдері арасында ең арзан арақ болып отыр.

Е. Дошаев: Қазақстандағы арақ - Кеден одағы елдері арасындағы ең арзаны

Бүгін Парламент Мәжілісінде елімізде алкогольді тұтыну күрт өсіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, бір топ депутаттар атынан Үкімет басшысына сауал жолдаған халық қалаулысы Ерген Дошаев осылай мәлім етті.

«Егер статистикаға жүгінетін болсақ, сарапшылардың бағалауы бойынша, жыл сайын дүниежүзінде алкоголь ішімдігін шамадан тыс тұтыну салдарынан 2,5 миллион адам көз жұмады. Әлемдегі маскүнемдердің 11 пайызы апта сайын ұзақ мерзімдік ішкілікке салынады. Бұл ретте олардың 30 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Тұрмыстағы маскүнемдік салдарынан ажырасып кеткен ондаған мың отбасыға келтірілген залалды да есептеу қиын. Тастанды жетім балалардың трагедиясын және маскүнемдіктен ауру болып туылған сәбилердің тартып отырған зардабын қалайша есептеп, қайтіп бағалауға болады?!», - дейді депутат Е. Дошаев.

Оның айтуынша, маскүнемдік салдарынан еліміздегі жағдай мәз емес. Мәселен, соңғы бес жылда спиртті ішімдікті тұтынудан немесе соның кесірінен 12 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болған. 210 мыңға жуық адам наркологиялық диспансерде есепте тұр. Бұл ретте депутат Е. Дошаев әлем жұртшылығы осы қатерлі ауруға қарсы күрес жүргізіп отырғанын, бүгінгі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары бойынша 80 елде алкоголизм мен маскүнемдіктің алдын алу бойынша арнайы мемлекеттік саясат жүргізілетінін алға тартады. «Елімізде алкоголизмге қарсы күрес жүргізілмей отыр деп айтуға болмас. 2010 жылғы қарашада Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжат - жалпы алғанда, өте маңызды құжат. Бірақ ол елде алкоголизмді азайту бойынша нақты күрес жөнінен бірқатар сұрақ туындатады», - деп атап өтті депутат е. Дошаев. Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік кеселмен күрестің ең тиімді әрі кең таралған құралы экономикалық шаралар. Яғни, ең алдымен, спирттік ішімдіктерге акциздерді арттыру арқылы алкогольді қымбаттатып, халықтың, әсіресе жастардың оған қолы жетпейтіндей жағдай жасау қажет.

«Алайда, өкінішке орай, Бағдарламада алкоголь өнімдеріне акциз ставкалары қай жылы және қандай мөлшерде артатыны туралы нысаналы индикаторлар көрсетілмеген. Бұл біз үшін аса маңызды. Өйткені, бүгінгі күні Қазақстандағы арақ - Кеден одағы елдері арасында ең арзан арақ болып табылады. Оның себебі де қарапайым - акциз ставкалары төмен. Егер елімізде 2012 жылы бір литр этил спиртін дайындау кезінде акциз түрінде 60 теңге өндіріп алынатын болса, Ресейде бұл мөлшер - 163 теңгеге жуық, ал Белоруссияда 380 - 432 теңге аралығында. Елімізде жарты литрлік араққа акциз 100 теңгені құрайды. Ал Ресей мен Белоруссияда бұл көрсеткіш одан 2,5 есе жоғары. Сыра өнімдері бойынша да осындай жағдай байқалады. Құжатта елдегі алкогольді шамадан тыс тұтынуды азайтуға бағытталған басқа тетіктер де нақты көрсетілмеген. Бүгінгі күні айрықша либералдық сипат алып отырған антиалкогольдік заңнаманы күшейту жөнінде де ештеңе айтылмаған», - дейді депутат Е. Дошаев.