E-gov-қа жасанды интеллект енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - E-gov-қа жасанды интеллект енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

E-gov-қа жасанды интеллект енгізіледі

"2018 жылы электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы өткізген зерттеулер нәтижесінде, Қазақстан 39-шы орынды иеленді. Бұл даму қарқыны өте жоғары мемлекеттер арасындағы көрсеткіш. Біздің электронды үкімет қазір EGOV 2.0. сатысында. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында біз e-GOV 3.0, сатысына көтерілу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл саты Оңтүстік Корея, Австралия, Сингапур, Ұлыбритания мен Данияда қолданылып жатыр", - деді ол.

Осы ретте министр E-gov 3.0 сатысына толығырақ тоқталды.

"Ең алдымен бұл - «Жасанды интеллект», «Проактивті қызметтер», «Интернет заттар» мен тағы басқа да технологиялық артықшылықтар. 2021 жылы біз E-gov 3.0 сатысына толық көшуді жоспарлап отырмыз. Дегенмен қазір бұл сатының кейбір элементтері енгізіліп те қойды. Мысалы: ақпараттық жүйелердің интеграциясы өндірілуде. Сонымен қатар, «Смарт Бридж» жобасының аясында жасанды интеллект элементтері енгізіліп, проактивті қызметтер жүзеге асырылады", - деді Дәурен Абаев.

Фото: fcis.kz