Е-gov қосымшасы Бүкіләлемдік үкіметтік форум нұсқасы бойынша үздік танылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік үкіметтік форум нұсқасы бойынша Қазақстанның Е-gov қосымшасы үздік атанды. 

Е-gov қосымшасы Бүкіләлемдік үкіметтік форум нұсқасы бойынша үздік танылды

Бұл жайында бүгін Астана экономикалық форумы аясында өткен әлемдік экономиканың цифрлық трансформациясына арналған сессияда ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайрат Балықбаевтың атап өтуінше, Қазақстанда электронды үкіметтің инфрақұрылымы қалыптастырылып, оның базалық компоненттері  құрылған. Соның арқасында 700-ден астам қызмет пен сервис электронды нұсқада беріледі.

«2012 жылдан бастап барлық лицензиялар электронды түрде беріледі. Ұтқыр үкімет арқылы 83 қызмет пен сервис азаматтар үшін қолжетімді. Айта кетерлігі, қазақстандық Е-gov  қосымшасы Бүкіләлемдік үкіметтік форум нұсқасы бойынша «one stop shop» аталымында мемлекеттік қызметтерді ұсынудағы үздік қосымша атанды», - деді Қайрат Балықбаев.

Сонымен қатар вице-министр елімізде жыл сайын Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер санының өсіп келе жатқанын баса айтты.

«Мәселен, өткен жылы біз 26 миллионнан астам қызмет көрсеттік. Жүйелі жүргізілген бірқатар жұмыстың нәтижесінде Қазақстан халықаралық рейтингтердегі көрсеткішін жақсарта түсті. Мәселен, өткен жылы Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкімет рейтингінде әлемнің 193 елінің ішінде 33-орын алды. Ал 2016 жылдың қорытындысында Бүкіләлемдік экономикалық форумның желілік дайындық есебінің индексінде 139 мемлекеттің ішінде 39-орынға тұрақтады», - деді ол.