Е. Хасанғалиевтің «Азиада Алауы» әні VII қысқы Азия ойындарының әнұраны болып таңдалды

АЛМАТЫ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - ҚР-ның Халық әртісі, белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Азиада Алауы» әні VII қысқы Азия ойындарының әнұраны болып таңдалды.

Е. Хасанғалиевтің «Азиада Алауы» әні VII қысқы Азия ойындарының әнұраны болып таңдалды

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Азиада Алауы» әнін барлық 4 мыңға жуық дауыс берушілердің 49 пайызы қолдаған. Азиада әнұранын таңдау осы жылдың 1 қарашасынан 25 қарашасына дейін смс-дауыс беру арқылы өтті. Әндер «Қазақ радиосы», «NS радиосы» және «Сәлем радиосы» толқындарынан таратылды. Сонымен қатар, бұл шығармаларды Азия ойындары ресми сайтынан және Азиада-2011 ресми ұялы операторы - GSM Казахстан/Kcell компаниясының сайтынан тыңдауға ұсынылды.

Айта кетейік, тамыздың 24 күні VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті Ақ Азиада әнұранына байқау жариялаған болатын.

Жеңімпазға «2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті атқарушы дирекциясы» АҚ вице-президенті Мағжан Қанқожин 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

«2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті атқарушы дирекциясы» АҚ Ойындардың методология департаментінің директоры Нұрлан Нұрғазин аталмаш конкурсқа қатысқандарға, соның ішінде ұйымдастыру серіктестері: Астана және Алматы әкімшіліктері мен GSM Қазақстан/Kcell ұялы операторына, «Қазақстан РТРК» және «Мирас спорт» ҚҚ-ға алғысын білдірді. «Қорытындыны 1 желтоқсанда жариялайтын болғанбыз. Алайда, ЕҚЫҰ Саммиті көлеңкесінде қалмас үшін кейінге шегеруге тура келді», деді ол.

24 тамыз бен 10 қазан аралығында ұйымдастыру комитетіне 105 байқау жұмысы келіп түсті. Олардың ішінде 49 ән - қазақ, 45-і орыс және басқа тілдерді қам­тыған 11 музыкалық композиция болды. Байқау­ға қатысқандардың ішіндегі жас мөлшері үлкені Ал­маты қаласының 72 жастағы зейнеткері, ең жасы Шымкент қаласының 17 жасар оқушысы болды.

Ал 27 қазанда өткен баспасөз мәслихатында қазылар алқасы қорытынды жариялап, ақтық сынға 10 әннің тізімін шығарған еді.