«Е-Islam» газеті жарыққа шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР «Дінтанушылар конгресі» қоғамдық бірлестігі тарапынан қолға алынған «Е-Islam» ақпараттық-ағартушылық порталының «Е-Islam» рухани-ағартушылық газеті баспа бетінен жарыққа шықты, деп хабарлайды muslim.kz.
Бүгінде БАҚ саласында әлеуметтік желілердің, интернет-басылымдардың орны айрықша екені белгілі. Бұл бағытта «Е-Islam» порталы бір жарым жыл ішінде ғаламтор кеңістігінде өз аудиториясын қалыптастырып үлгерді.
Дәстүрлі діни ұстаным мен мемлекеттің ішкі тұрақтылығына оң ықпал етерлік рухани басылымдардың қажеттілігін бүгінгі күн көрсетіп отыр. Ел мұсылмандарын рухани ортақ тәжірибе мен таным тұғырнамасында біріктіру мақсатында дұрыс діни білім мен сенімді ақпарат, рухани дәрістер, танымдық материалдарды көптеп жариялау күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қатарында. Діни сауаттылық өз кезегінде дін атын жамылған экстремизм, радикализм секілді ағымдардың алдын алуға оң ықпалын тигізбек. Осындай мақсат-мүддеге сай «Е-Islam» республикалық рухани-ағартушылық газеті аптасына 1 рет 8 беттік көлемде басылып шығатын болды. Республиканың барлық мешіттері мен діни бірлестік орталықтарына тегін таратылатын басылым ислам дінінің дұрыс таралуына қызмет етеді. Басылымның алғашқы саны Астана қаласына таратылды. Алдағы уақытта өңірлердегі сұранысқа сәйкес республика көлемінде таралады.