«E-Islam» порталы жас ұрпақ санасына дәстүрлі ислам құндылықтарын сіңіру әрі теріс пиғылды діни идеология кеселінен сақтау жұмыстарын атқарады
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - «E-Islam» порталы жас ұрпақ санасына дәстүрлі ислам құндылықтарын сіңіру әрі теріс пиғылды діни идеология кеселінен сақтау жұмыстарын атқарады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аталған порталды таныстыруға арналған брифингте сайттың бас редакторы Жасұлан Әбдіраманов айтты.
Оның атап өтуінше, портал зайырлы қоғамға тән қағидаларды берік ұстанбақ. Портал жарияланымдары дәстүрлі ислам дінінің негізігі қағидалары мен қазақ жұртының салт-дәстүрлері арасындағы өзара байланысты ашып көрсетеді. «Осы арқылы біз жас ұрпақ санасына дәстүрлі ислам құндылықтарын сіңіру мен теріс пиғылды діни идеология кеселінен сақтау жұмыстарын атқаратын боламыз. Порталда қазақ, орыс тілдерінде жастарды теріс пиғылды жат ағымдардан әрі күмәнді ғаламтор көздерінен аластауға ықпал ететін 2 мыңнан аса материалдар қоры орналастырылған», - деді Ж.Әбдіраманов. Сонымен қатар порталдың бас редакторының айтуынша, онда күнделікті ақпараттардан бөлек тартымды, маңызы мен салмағы зор мақалалар, сұхбаттар көпшілік назарына ұсынылады.