Е.Қабылдиннің басқа да қылмыстары әшкереленуде ? Қаржы полициясы
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының бұрынғы бастығы Е.Қабылдиннің ісі бойынша жаңа қылмыстардың беті ашылуда.
Бұл туралы бүгін апталық брифингіде Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Е.Қабылдиннің үстінен қызмет лауазымын асыра пайдаланды деген күдікпен екінші қылмыстық іс қозғалды. «Оның қаладағы 4-ші шағын ауданда орналасқан 21-ші тұрғын үйдің шатырын жөндеу жұмыстары орындалды деп жалған актіге қол қойып, мемлекетке 4,2 млн. теңге залал келтірген фактісі әшкереленді».
Еске сала кетейік, сәуірдің 13-і күні Қаржы полициясы мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында қызмет лауазымын асыра пайдаланды және 25,6 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражатын ұрлады деген күдікпен Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының бастығы Е.Қабылдинді уақытша оқшаулау орнына қамаған болатын. Оның осы қылмыстарына қатысы бар сыбайластары «Пәтер бюросы» АҚ-ның басшысы Е.Түктібаев пен жеке кәсіпкер А.Жаныбаев тергеуге алынды.
«Аталған тұлғалар қазір Астана қаласының уақытша оқшаулау абақтысына жабылды. Бүгін оларды қамау туралы санкция алу үшін іс сотқа ұсынылады», деді М.Жұманбай.