Е.Қанағатов: Елімізде қосымша балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін ашу қажет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде қосымша балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін ашу қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен 17-ші Азия ойындарының қорытындысына арналған брифингте ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.
Брифинг барысында Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет Азиада ойындарында 28 алтын еншілегендігін баса айтқан ол: «Біздің жеңімпаздарымызға қарап, балалар мен жасөспірімдер спортпен айналысуға ұмтылатын болады. Ал олардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау үшін қосымша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ашу қажет», - деді.
Сонымен қатар Елсияр Қанағатов бүгінгі таңдағы комитеттің басты міндеті спортшыларды дайындауға біліктілігі жоғары мамандарды тарту мәселесі болып отырғандығын баса айтты.