«E-learning жүйесін Қазақстанның барлық мектептерінде пайдалануды ұсынамыз - Швед компаниясының сарапшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Швед сарапшылары қазақтандық E-learning жүйесіне қызығушылық танытып отыр.
Бұл туралы білім беру жүйесімен айналысатын шведтік International Software Technologies (IST) компаниясының кеңесшісі Фуад Джаззар мәлім етті.
Сарапшының айтуынша, «бұл мектептегі білім беру жүйесіне өте оңтайлы жоба. Ол елдегі білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтереді.
Қазақстанда әзірленген жүйе дұрыс құрылғанын IST оның үлгілерінің бірін шведтік электрондық оқыту жүйесіне мысал ретінде қарастырғанынан да көруге болады», - дейді Джаззар. Бұл ретте ол «дәстүрлі оқыту тәсілін өзгертіп, электрондық білім беру жүйесін енгізу - бұл күрделі, қымбат әрі ұзақ үдеріс» екеніне тоқталды.
«Мұны іске асыру - инфрақұрылымды, мектептерді, ұстаздарды, әкімшілерді толыққанды даярлауды және мектептен министрлікке дейін білім жүйесіне тартылған мамандарды оқытуды талап етеді».
Джаззар сондай-ақ, Скандинавия тәжірибесін мысалға келтірді. Норвегияда білім берудің 95 пайызы ақпараттық технологияға тәуелді, мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін 10 жылдан астам уақыт кетті. Бұл жетістіктің негізі - ел мектептерінде сапалы білім беру, сандық ресурстарды пайдалана отырып, оқыту.
«E-learning жүйесін басқа жүйелермен араластырмай, Қазақстанның барлық мектептерінде пайдалануды ұсынамыз. Ол үшін өңірлер ҚР Білім және ғылым министрлігінің бағытына сүйенуі тиіс»,- дейді Фуад Джаззар.