Э. Шлек жаңа команда құрмаса, «Астана» велоклубына ауысып келуі мүмкін - Қ. Келімбетов

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Астана» велоклубының басшылығы Saxo Bank шабандозы люксембургтық Энди Шлекті командаға тартуды жоспарлауда.
None
None

Бұл туралы бүгін елордада журналистермен кездескен Қазақстанның велоспорт қауымдастығының президенті, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшысы Қайрат Келімбетов айтты.

«Келіссөздер жөнінде айтар болсақ, олар жүріп жатыр. Бірақ сіздер білесіздер, жақында өткен Тур де Франс жарысынан кейін, Энди Шлек өзінің ағасымен бірге жаңа команданы жасақтау жоспарын жария етті. Ол қазір басқа федерациялардан түскен ұсыныстарды қарап жатқан жоқ. Дегенмен біз өз ұсынысымызды жасадық және олардан егер жаңа команданы құру жоспары жүзеге аспайтын болса, біздің ұсынысымыз бірінші болып қаралатыны жөнінде жауап-хат түсті», деді Қ. Келімбетов.

Келесі жылы Астана сапында Альберто Контадор болмаса да, қазақстандық команда алдарына ауқымды міндеттер қойып отыр. Қазіргі уақытта команданың сапын күшейту шаралары аяқталып қалды. Liquigas командасының бұрынғы спортшысы Роман Кройцигер «Астана» командасына ауысты. Ол «Астананы» ірі турнирлерде жеңіске жетелейді деген үміт басым.

«Винокуровтың жанында ағалы-інілі Шлектер болса да, Роман Кройцигер болса да, келесі жылы «Астана» Альберто Контадордың командасына жойқын бәсекелестік жасай алатын болады», дейді Қ. Келімбетов.

Болашақта қазақстандық команда жекелей есепте Джиро д'Италия жарысын, ал топтық есеп бойынша Тур де Франсты жеңіп алу мақсатын қойып отыр.

Қазіргі уақытта «Астана» клубы Джиро д'Италия турнирінің кезеңінде жеңімпаз атанған ресейлік Евгений Петровпен және словениялық Роберт Кисерловскимен келісім жасады. Сондай-ақ Танел Кангерт пен итальяндық спортшы Франческо Маскьярелли клубпен бір жылға келісімге отырды.

Соңғы жаңалықтар