Е.Шымырқұловтың шымырлығы арқасында кісі тонаушы қолға түсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы келісім-шарттық қызметінің әскери қызметкері Елдос Шымырқұлов жуырда кісі тонаушыны қыбыр еткізбеді.

Е.Шымырқұловтың шымырлығы арқасында кісі тонаушы қолға түсті

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Ақтау гарнизоны әскери прокуратурасынан шыққан Елдос жанынан жүгіріп өткен азиялық пішіндегі ер адамды көріп, одан кейін көмек сұраған әйелдің айқайын естиді. Сол бойда «Тоқта!» дегеніне қайрылмаған күдіктіні қуып жеткен жауынгер қоян-қолтық ұрыс тәсілін қолданып, тергеу-жедел тобын шақырады.

Кейін күдіктінің ұялы телефонды жымқырғаны белгілі болды.

Тағы бір осындай оқиға Жаңаөзен қаласында орын алды. «Өркен» шағынауданында қоғамдық тәртіп күзетінде жүрген 5548-әскери бөлімінің қатардағы жауынгерлері Асанәлі Серғазынов, Руслан Тілеспаев, Саят Дүйсенбеков №67 үй жанынан арақ ішіп отырған екі ер адамды көреді. Күзет бастығы А.Серғазынов аталған азаматтардың құжатын сұрағанда, «Жоқ» деген жауап естиді. Оның үстіне біреуі қалтасынан бір нәрсе алып, алақанына қысып, екінші қолымен бос бөтелкені сермелейді. Сосын қашып кетпекші болады. Ақыры ер адамның бірінен жасыл түстес, есірткіге ұқсас исі бар зат табылады. Бұдан кейін құқық бұзушылар қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілді.

Қырағылығы мен батыл қимылы үшін аталған жауынгерлер әскери бөлім басшылығы тарапынан алғысқа ие болды.