Е.Сұлтанов: Биыл солтүстікқазақстандық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда 400 медаль жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл солтүстікқазақстандық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда 400 медаль жеңіп алды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов мәлім етті.

Е.Сұлтанов: Биыл солтүстікқазақстандық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда 400 медаль жеңіп алды

«Бұқаралық спортты дамыту үшін ең алдымен қолжетімді спорт объектілері санын ұлғайту қажет. Биылғы жылдың өзінде ғана бюджеттен тыс 15 шағын футбол алаңы ашылды. Бұдан басқа Петропавл қаласында мұз алаңы мен жеңіл атлетика манежі бар спорт сарайының құрылысы жүргізілуде, алдағы уақытта бұл спорт сарайына біздің даңқты жерлесіміз - олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың есімі берілетін болады», - деді ол.

Облыс басшысының атап өтуінше, бұдан бөлек аудандарда 3 дене шынықтыру кешені мен жабық бассейннің құрылысы аяқталуға жақын. Қыс айларында облыс көлемінде спортпен шұғылдану үшін 300 хоккей корты ашылып, қалпына келтірілуде.

«Осындай жүйелі жұмыстың арқасында 353 спортшымыз ұлттық құрамаға кірді. Биыл спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстарда 400 медаль жеңіп алды. Облыста дене шынықтырумен 150 мыңға жуық адам шұғылданады, бұл облыс тұрғындарының 26 пайызын құрайды», - деді Е.Сұлтанов.

Сонымен қатар ол 2020 жылға қарай тұрғындардың 30 пайызын жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тарту туралы Президент тапсырмасын толық орындайтындықтарын баса айтты.