Е. Тоғжанов: Журналистерді медиатор деп айтамын (ФОТО)

«Биылғы жылдың ерекшелігі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тікелей байланысты. Сондықтан бірліктің құндылықтары - Тәуелсіздікті қамтамасыз етудің негізгі кепілі. Жалпы, ҚХА сессиясында берген Елбасының біраз тапсырмалары бар. Оның ішінде «қоғамдық келісім» идеясына байланысты арнайы кеңестердің құрылуы қамтылған, яғни үш жылдан бері жұмыстар атқарылуда, бірақ қоғамдық ортада бұл бағыттағы жұмыстарға бірге тартуымыз керек. Журналистер қауымын қоғамдық кеңестің жұмысына белсенді араласуға шақырамын. Бүгінде осындай 1932 арнайы кеңестер облыстардан бастап, аудандарға дейін және ауылдық жерлерде құрылды. Сондықтан еліміздің бүкіл тынысы мен тіршілігін сіздермен бірге қарастыру керек деп ойлаймын», - деді Е. Тоғжанов.
Бұдан бөлек, ол медиация бағытындағы жұмыстарға тоқталды. «Журналистердің әрқайсысын медиатор деп айтсам, артық болмайды. Бүгінде біз Жоғарғы сотпен арнайы меморандум дайындап жатырмыз, құжаттың жобасы аяқталуға жақын. Әрбір адам өзінің өмірінде сот жүйесінде азаматтық, әкімшілік немесе басқа да істер аясында араласып тұратыны анық. Егер сол мәселелерді сотқа жеткізбей, сіздердің қатысуыңызбен бірге шешіп отыратын болсақ, бұл біздің үлкен жеңісіміздің бірі болады. Шетелдің талдау жұмыстарына қарасақ, сотқа дейінгі мәселелердің 70 пайызға дейінгі көрсеткіші медиация алаңдарында шешілуде. Бұл ретте қаржының, уақыттың үнемделуін атап өтуге болады», - деді Хатшылық меңгерушісі.