«е-үкімет» жөніндегі жаһандық форум 2014 жылы Астанада өтуі тиіс - БҰҰ өкілі

«Қазақстан электрондық үкіметті дамытуда жетекші орындарда келеді және оның тәжірибесі тек өңірдің елдері үшін ғана емес, өтпелі экономика елдеріне де үлгі бола алады», - дейді А.Тихомиров.
Қазақстандық «е-үкіметтің» жетістіктеріне тоқталған БҰҰ өкілі, шешімдер қабылдау үдерісіне республика азаматтарының белсенді атсалысып отырғанын атап көрсетті. «Қазақстан түрлі салалардағы ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамытуда табысты еңбек етіп келеді. Бірнеше жылдың ішінде республика ілгерілей түсті. Маңызды жетістіктердің біріне тоқталар болсақ, республика е-қатысу индексі бойынша әлемде екінші орынға шығып отыр. Бұл азаматтардың мемлекетпен өзара әрекеттесу үдерістеріне ақпараттық коммуникациялық технологияларды терең енгізілуінің айғағы», - деді БҰҰ өкілі өз сөзінде.
«Мен Халыққа қызмет көрсету орталығында болдым. Ондағы көрсетілетін қызметтерді өз көзіммен көргім келді. Халықпен, оларға қызмет көрсетіп отырған қызметкерлермен әңгімелестім, маған бәрі ұнады. Мұндай орталықтар ТМД-ның кейбір елдерінде жоқ. Кейбір республикаларда ұзыннан ұзақ кезектер әлі күнге дейін бар, бұл мәселені шешу өте күрделі. Және электрондық үкіметтің жұмысы осыған негізделеді. Жаңа қызметті қолға алған елдердің өзі қол жеткізген жетістіктеріне өздері таң, себебі қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру мыңдаған адамның ерен еңбегін қажет етеді. Дегенмен, нәтижесінде, бұл жаңа формат адамдар үшін ыңғайлы және жеңіл», -деді елордалық Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде болғаннан кейін өз ойымен бөліскен Алексей Тихомиров.
Профессор сондай-ақ, БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің сарапшылары «Ақпараттық Қазақстан - 2020» бағдарламасын әзірлеуге атсалысқанын және бүгінгі таңда осы стратегияны іске асыру жөніндегі бағдарламаны бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол жеткізіліп отырғанын айтты.