Е-үкіметтің порталы арқылы 4 млн.-нан астам қызмет көрсетілген

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану арқылы электрондық үкіметті дамыту мемлекеттік қызметті оңтайландыруға, сапасын арттыруға және қолжетімділігіне бағытталған.

Е-үкіметтің порталы арқылы 4 млн.-нан астам қызмет көрсетілген

2012 жылдың І жартыжылдығында е-үкіметтің порталы арқылы халыққа 4 млн.-нан астам қызмет түрі көрсетілген, деп хабарлайды Pm.kz сайты.

«2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы, оның ішінде лицензияның барлық түрі - тек электронды формада ғана көрсетілуі қажет», - деп тапсырды ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев  «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстанды дамытудың басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.»

Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, е-үкіметтің инфрақұрылымы шеңберінде жеке және заңды тұлғаларға 236 интерактивті және транзакциялық қызметтер көрсетіледі. Олардың 108-і е-лицензиялаудың (www.elicense.kz) мәліметтер базасы  арқылы және 128-і www.egov.kz порталында  көрсетіледі.

Ақпаратта хабарланғандай, электрондық үкіметте көрсетілетін қызметтер қатарына 67 қызмет, 16 сервис, 21 түрлі мемлекеттік алым, 16 түрлі мемлекеттік баж салығы, 4 түрлі салықтық төлемдерді төлеу, сондай-ақ жол жүру ережесін бұзғаны үшін төлемдер және коммуналдық қызметтік 3 түрі енеді. Бұдан басқа порталда ақпараттық сипаттағы қызметтер де көрсетіледі.

Жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігін 2012 жылдың І жартыжылдығындағы статистикалық мәліметтер де растайды. ҚР ККМ мәліметтеріне қарағанда, порталға тіркелген пайдаланушылардың саны 56 666 адамға жеткен, бұл 2011 жылғы осы уақытпен салыстырғанда 7980 адамға көп.

Көрсетілген қызмет саны 4 060 328 бірлікті құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 571 838 бірлікке жоғары. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында 150 878 электрондық сандық қол берілген, бұл 2011 жылғы осы уақытқа қарағанда 4838 бірлікке артық.

Бұдан басқа, жарты жыл ішінде е-үкіметтің төлем шлюзі арқылы өткізілген  транзакция саны 8119 құраған, бұл өткен жылға қарағанда 7192 артық, транзакция сомасы - 31 656 573 теңге.

Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ биылғы рейтингісі бойынша Қазақстан «е-қатысу» индексі бойынша ұйымға қатысушы 190 елдің ішінде ІІ орын алған, ал электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша 2005 жылғы 65 орыннан 38 орынға көтерілген.