Е.Ыдырысов «Қазақстан шетелдік БАҚ өкілдерінің көзімен» атты халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттады
АСТАНА. Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Қазақстан шетелдік БАҚ өкілдерінің көзімен» атты халықаралық байқау жеңімпаздарымен кездесіп, тиісті дипломдарын табыс етті.
Бұл туралы сыртқы саяси ведомоствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
Еске сала кетсек, 1-15 маусым аралығында Қазақстан Журналистер одағы ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен шетелдік БАҚ өкілдері арасында Қазақстан туралы ең үздік басылымға халықаралық байқау өткізген болатын. Оның басты жүлдесі Қазақстанға келіп Астана, Алматы қалаларын аралау болды. Байқау «Эйр Астана» және «Риксос Алматы» қонақ үйінің демеушілігімен ұйымдастырылды.
Байқау нәтижесінде бес адам, Бельгиядан «Brussels Diplomatic» газетінің журналисі Сибиль Грейндл (Sibylle Greindl), Гайанадан «Kaieteur News» ақпараттық агенттігінің журналисі Нил Маркс (Neil Marks), Қатардан «The Peninsula Daily» газетінің бас редакторы Хусейн Ахмад (Hussain Ahmad), «Bernama» Малайзия жетекші ақпараттық агенттігінің тілшісі Норшазлина Норазман (Norshazlina Norazman), сонымен қатар Украинадан «Wellness» журналының шеф-редакторы Светлана Островская жеңімпаз деп танылды.
Е.Ыдырысов олардың жұмыстарының жоғары сапалығы мен жан-жақтылығына тоқтала келіп, ескерткіш дипломдар табыс етті. Сонымен қатар шетелдік БАҚ өкілдерінің аталмыш байқауға және жалпы Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын атап өтті. Осы шараны ұйымдастыру барысында әлемнің 25 елінен 50-ден аса басылым өз материалдарын жолдады. Сыртқы саяси ведомство басшысының айтуынша, бұл байқау енді жыл сайын ұйымдастырылатын болады.
Марапаттаудан кейін шетелдік журналистер үшін болған брифингте Е.Ыдырысов еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген негізгі әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы мақсаттар мен тапсырмалары туралы, сондай-ақ мемлекеттің негізгі сыртқы саяси басымдықтары жайлы баяндап берді. Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 ж.ж. тұрақты емес мүшелікке енуі туралы ұсынысы, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық мәселелері, Латын Америкасы және Азия елдерімен қарым-қатынас, Қазақстанның мемлекет ішінде ұлтаралық татулық пен келісімді орнату мен нығайту, Украинадағы қақтығысты реттеуге көрсеткен ықпалы секілді мәселелер де қозғалды.