Е.Ыдырысов қазақстандықтардың Қырымға барып демалуына қатысты ойын білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада соңғы күні өтіп жатқан ХІІІ Еуразия медиа форумына қатысқан Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Қырымдағы туризмге қатысты пікірін білдірді.

Е.Ыдырысов қазақстандықтардың Қырымға барып демалуына қатысты ойын білдірді

«Украинаның елшілігі мен Ресейдің елшілігі Қырымдағы жазғы демалыс маусымына қатысты, біздің елдің туристеріне қатысты пікірлерін айтып жүргенін мен білемін. Олардың пікір алмасқанын көріп отырмыз. Бұл жерде біздің қоғам абдырап қалды: не істеу керек? Бір жағынан, Ресей тарапы туристер үшін бар жағдай жасаймыз деп уәде беріп отыр. Екінші жағынан, Украина тарабы өз аумағына кіруге қатысты өз көзқарасын айтып жүр. Осылайша, біздің елдің аумағы ақпараттық жарыстың алаңына айналып отыр. Бұндай жағдайда туристерге қандай да бір кеңес айту қиын. Тек айтарым, Қырымның мәселесі өте қиын халықаралық мәселе, сондықтан, бұл мәселенің шешімі халықаралық құқық негізінде шешілу керек. Яғни, бұл мәселені шешетін Қазақстан емес. Бұл шиеленіскен жағдайды шешетін басқа платформалар бар», - деп атап өтті Е.Ыдырысов.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі өз ойын жалғастыра келе Қырымға қатысты Ресейдің де, Украинаның да басшылығы қандай пікір ұстанып отырғаны белгілі екенін атап өтті.

«Сондықтан, бұл екі ел халықаралық деңгейде жағдайды реттеу керек. Ал, қазақстандықтардың Қырымға барып демалуына қатысты айтар болсам, әр азамат өзі жеке шешім қабылдау керек. Әрбір қазақстандық бізге дос осы екі елдің жағдайын әбден зерделеп, басқа демалыс орындарын таңдаса да болар еді. Ал, егер де нақты Қырымды таңдаса, барып-келер маршрутын ерте және нақты анықтап алу керек», - деді Е.Ыдырысов.