Е. Ыдырысов ҚР СІМ-дегі әйел әріптестерін 8 наурыз мерекесімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесімен министрліктің әйелдер қауымын құттықтады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Е. Ыдырысов ҚР СІМ-дегі әйел әріптестерін 8 наурыз мерекесімен құттықтады

«Құрметті ханымдар, Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ана қуанышы, әйел қуанышы - әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі.
Біздің қазіргі уақытта әйел тек отбасының берекесін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына айрықша маңыз беріледі.
Қымбатты ханымдар! Сіздердің атыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер еш уақытта толастамасын», деді құттықтау сөзінде Ерлан Ыдырысов.
Министр дипломатиялық қызметтегі әйел қызметкерлердің ер адамдармен тең жемісті қызмет істейтіндігін атап өтті.
«Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылында әйел дипломаттар жоғары жетістіктерге жетті. Атап айтар болсақ, егемендік алған тұста БҰҰ-дағы Қазақстанның өкілі болған біздің құрметті ардагеріміз Ақмарал Арыстанбекованың еңбегін ерекше атап өткім келеді, сондай-ақ Италия, Израиль, Кубада Қазақстанның Елшісі болған, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі болғанда еліміздің мүддесін ілгерлетуге зор үлес қосқан белсенді Бірғаным Әйтімованы атып өтуге болады. Бүгінгі таңда ол ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінде жұмысын жалғастыруда», деді ҚР Сыртқы істер министрі.
Ерлан Ыдырысов бұдан басқа да Қазақстанның сыртқы саясатында танымал, еңбек етіп жүрген дипломат әйелдерді атап өтті.