Е.Ыдырысов пен П.Буриан ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты талқылады

Кездесу барысында халықаралық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелері, соның ішінде Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығы, көпжақты институттар шеңберінде ықпалдастығы және қазақстан-словактық екі жақты қатынастар дамуының басымдылықтары талқыланды. Сұхбаттастар Орталық Азия тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде Қазақстан үлесін атап өтті. Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық әрекеттер аясында қауіпсіздік, шекараларда ықпалдастықты күшейту, есірткі тасымалы, адам саудасы, лаңкестік пен экстремизмге қарсы тұру салаларда ЕО-ның орталықазиялық өңірмен ынтымақтастықты жалғастыру қажеттілігі аталып өтті. Осы тұрғыда 11 наурызда Душанбеде өткен қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі «ЕО - ОА» диалогының 2-ші отырысы мақұлданды. ҚР СІМ басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық туралы сөз қозғап, Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы соңғы 10 жылда 13 есе, ал қазақстандық экономикаға тартылған еуропалық инвестициялардың көлемі 10 есе артты деп атап өтті. Қазақстан сауда айналымының және елге тартылған шетел инвестициялардың жартысы еуропалық елдер үлесіне тиесілі. Сонымен қатар, Қазақстан және Словакия арасындағы сауда айналымы көлемінің оң екпіні де атап өтілді.